Google One Қызмет көрсетудің қосымша шарттары
Соңғы өзгертілген күні: 2025 ж. 11 қараша |Google One-ды қолдану үшін сіз (1) Google Қызмет көрсету шарттарын және (2) Google One Қосымша қызмет көрсету шарттарын ("Қосымша шарттарды") қабылдауыңыз қажет. Осы Қосымша шарттарда анықталмаған терминдердің мағынасы Google Қызмет көрсету шарттарындағы терминдермен бірдей.
Осы құжаттарды мұқият оқып шығыңыз. Бұл құжаттар жиынтығы "Шарттар" деп аталады. Шарттарда осы қызметтерімізді пайдалану кезінде сіздің бізден және біздің сізден не күтетініміз сипатталған.
Сонымен қатар жеке ақпаратыңызды жаңарту, басқару, экспорттау және жою туралы ақпарат беретін Құпиялық саясатымызды оқып шығуды ұсынамыз.
1. Қызметіміз
Google One қызметі Gmail, Google Photos және Google Drive қызметтерінде ортақ пайдаланылатын ақылы жад көлемі бар жазылым жоспарларын, соның ішінде Google немесе үшінші тараптар беретін қосымша бонустары бар жазылым жоспарларын ұсынады. Сонымен қатар Google One қызметі Google жасаған кейбір ақылы жасанды интеллект функцияларын пайдалану үшін жазылым жоспарларын және AI бонустарын ұсынады. Google-дың немесе үшінші тараптың қосымша бонустарын пайдалану сол бонустарға қатысты қолданылатын қызмет көрсету шарттарына бағынады. Бонустар кейбір елде қолжетімді болмауы және оларда басқа да шектеулер болуы мүмкін. Толық ақпарат алу үшін Google One Анықтамалық орталығына өтіңіз.
Google One қызметін Google Қызмет көрсету шарттарында көрсетілген Google компаниясы ұсынады. Google One жазылымын немесе AI бонустарын сатып алғанда, сіз Google компаниясы (2-бөлімді қараңыз) немесе үшінші тарап болуы мүмкін сатушымен бөлек келісімшарт жасайсыз. Егер Google One жазылымын үшінші тарап немесе серіктес арқылы сатып алсаңыз, онда сіздің жазылымыңызға осы үшінші тараптың немесе серіктестіктің қосымша шарттары қолданылуы мүмкін.
AI бонустары
AI бонустарын арнайы жасанды интеллект функцияларының бөлігі ретінде сұрауларыңызды қосу және өңдеу үшін пайдалануға болады. Белгілі бір әрекетті (мысалы, бейне жасау) орындау үшін қажетті AI бонустарының саны сізге тиісті өнім немесе функция ішінде хабарланады. AI функцияларына жұмсалатын бонустардың құнын өзгерту құқығы Google-ға тиесілі. AI бонустары белгілі бір AI функцияларын пайдалану үшін ғана қолданылады. Бұл функцияларды мезгіл сайын Google анықтап отырады.
AI бонустары сатып алынған кезде, көрсетілген мерзім өткеннен кейін жарамсыз болады.
Осы Шарттарда тікелей көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сіздің AI бонустарына қатысты ешқандай меншік немесе басқа құқықтарыңыз болмайды. AI бонустарын басқа пайдаланушыға немесе аккаунтқа сатуға не беруге тыйым салынады. AI бонустарын сатып алғанда, белгілі бір тағайындалған AI функцияларын пайдалануға алғы төлем жасайсыз. AI бонустары цифрлық валюта емес, сондай-ақ құнды қағаз, тауар немесе басқа да қаржылық құрал болып саналмайды және оларды ақшаға айырбастауға болмайды. AI бонустары Google экожүйесіндегі нақты көрсетілген AI функцияларына ғана қолданылады. Google One жоспарыңыз тоқтатылған немесе жойылған жағдайда, пайдаланылмаған AI бонустары да жойылуы мүмкін. Бұл – төлемді қайтару саясатына сәйкес жүзеге асырылады.
AI бонустары туралы толық ақпаратты осы жерден алыңыз.
2. Сатып алу және төлем жасау
Google One жазылымдары белгісіз мерзімге рәсімделеді және жазылымды тоқтатқанға дейін сізден жазылым шарттарына сәйкес (мысалы, ай сайын, жыл сайын немесе басқа мерзіммен) әрбір төлем циклінің басында ақы алынады.
Google One жазылымын немесе AI бонустарын сатып алғанда, сіздің сатып алу транзакцияңыз сатушы белгілеген бөлек шарттарға бағынады. Мысалы, Google One жазылымын немесе AI бонустарын Google Play Store арқылы сатып алғанда, Google Play Қызмет көрсету шарттары қолданылады.
Google One жазылымын немесе AI бонустарын Google Play Store арқылы сатып алғанда, сатушылар келесідей болады:
- Еуропадағы, Таяу Шығыстағы, Африкадағы тұтынушылар үшін: Google Commerce Limited
- Үндістандағы тұтынушылар үшін: Google Ireland Limited
- Азия мен Тынық мұхиты аймақтарындағы қалған тұтынушылар үшін: Google Digital Inc.
- Америка Құрама Штаттарындағы және қалған елдер мен аймақтардағы тұтынушылар үшін: Google LLC.
Google One жазылымын немесе AI бонустарын үшінші тарап немесе серіктес арқылы сатып алғанда, сол үшінші тарап немесе серіктес төлеу әдісіңізден ақы алады және төлемге қатысты барлық мәселені, соның ішінде жазылымды тоқтату және төлемді қайтару мәселесін шешуге жауапты болады.
Егер сатушы Google One жазылымы үшін сізден ақы ала алмаса, төлеу әдісін сатушымен жаңартқанға дейін сіз Google One қызметін пайдалана алмауыңыз мүмкін. Егер хабарландыру алғаннан кейін төлеу әдісін уақытында жаңартпасаңыз, біз Google One жазылымын тоқтатуымыз не уақытша тоқтатуымыз мүмкін.
3. Бағалар және ұсыныстар
Ұсыныстар. Біз кейде Google One жазылымына тегін сынақ нұсқасын ұсынуымыз мүмкін. Сынақ нұсқасы бар Google One жазылымын сатып алсаңыз, сол сынақ мерзімінің ішінде Google One қызметін тегін пайдалана аласыз. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін және қолданыстағы заңнамаға сәйкес рұқсат етілген шекте, сатушыға жарамды төлеу әдісін ұсынған болсаңыз, әрбір төлем мерзімінде сізден жазылым үшін автоматты түрде ақы алынады және жазылымды тоқтатқанға дейін ақы алына береді. Ешқандай ақы алынбауы үшін, сынақ мерзімі аяқталғанға дейін, сатушымен жазылымды тоқтатуыңыз керек. Сонымен қатар біз кейде Google One жазылымдарына жеңілдіктер ұсынуымыз мүмкін. Мұндай ұсыныстарға қосымша шарттар мен талаптар, соның ішінде жарамдылық шарттары қолданылуы мүмкін. Олар жеңілдікті қолдану немесе жазылымды сатып алу алдында сізге қолжетімді болады. Қолданыстағы заң бойынша тыйым салынған немесе шектелген жағдайда, ұсыныстар жарамсыз болып саналады.
Бағаның өзгеруі. Біз Google One жазылымдарының немесе AI бонустарының бағаларын уақыт өте келе өзгертуіміз мүмкін. Мысалы, инфляция деңгейінің, қолданыстағы салық мөлшерлемелерінің, жарнамалық ұсыныстардың, Google One қызметінің немесе бизнес қажеттіліктерінің өзгеруіне байланысты. Google One жазылымдарының бағасына қатысты өзгерістер қазіргі төлем кезеңі аяқталғаннан кейін және алғы хабарландыруды алғаннан кейін келесі төлемге қолданылатын болады. Бағаның өсуі туралы алғы хабарландыруды сізден ақы алынатын күннен кемінде 30 күн бұрын жібереміз. Алғы хабарландыру 30 күннен аз уақытта жіберілген жағдайда, өзгерту келесі емес, одан кейінгі төлемге қолданылады. Егер Google One жазылымыңызды жаңа бағамен пайдаланғыңыз келмесе, жазылымды осы Шарттардың "Жазылымды тоқтату" бөлімінде көрсетілген тәртіппен тоқтата аласыз және қазіргі төлем мерзімі аяқталғанға дейін бізге хабарландыру берсеңіз, сізден ешқандай қосымша төлем алынбайды. Баға өсіп, келісім қажет болған жағдайда, жаңа бағаға келіспесеңіз, жазылымыңыз тоқтатылады.
4. Бас тарту және төлемді қайтару
Жазылымды тоқтату және келісімшартты бұзу. Жазылымды тоқтатсаңыз, сізде жазылымды дереу тоқтатуға немесе Анықтамалық орталықта сипатталғандай жазылымды тоқтатуға немесе келісімшартты бұзуға басқа құқығыңыз болмаса, Google One қызметін пайдалану мүмкіндігіңіз қазіргі төлем мерзімі аяқталғанға дейін сақталады. Сізде келісімшартты бұзу құқығы болса және оны пайдаланғыңыз келсе, сатып алу транзакцияңызды жүзеге асырған сатушыға айқын мәлімдеме жасау арқылы осы шешіміңізді хабарлауыңыз керек. Келісімшартты бұзу кезеңінде қызметтер көрсетуді бастауды сұрасаңыз, келісімшартты бұзғаныңызды сатушыға хабарлаған сәтке дейін көрсетілген қызметке пропорционалды мөлшерде ақы төлеуіңіз талап етілуі мүмкін.
Google One қызметін жойсаңыз, Google One қызметтерін пайдалану мүмкіндігін бірден жоғалтуыңыз мүмкін екенін қабылдайсыз. Google One қызметтерін төлем мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланғыңыз келсе, Google One қызметін жойғаннан гөрі жазылымды тоқтатуды ұсынамыз.
Төлемдерді қайтару. Google One жазылымын немесе AI бонустарын сатып алсаңыз, төлемді қайтару саясаты қолданылады. Төлемді қайтару үшін сатушыға хабарласуыңыз қажет. Қолданыстағы заң бойынша сіздің келісімшартпен шектелмейтін тұтынушы ретіндегі құқықтарыңыз болуы мүмкін. Бұл Шарттар аталмыш құқықтарға тыйым салмайды.
5. Тұтынушыларға қолдау көрсету қызметі
Google One жазылымы кейбір Google қызметтерінде тұтынушыларға қолдау көрсету қызметіне кіру мүмкіндігін қамтуы мүмкін. Егер тұтынушыларға қолдау көрсету қызметі сіздің сұрауыңызға қатысты көмек бере алмаса, біз сізді тиісті Google қызметтерінің тұтынушыларға қолдау көрсету қызметіне бағыттауымыз немесе сұрауыңызды сол қызметке жіберуіміз мүмкін. Егер Google One жазылымыңыз тоқтатылған не уақытша тоқтатылған болса, тұтынушының шешілмеген мәселелері де кідіртіледі және жазылым қайта қосылғанда, сізге аталған мәселеге қатысты жаңа өтініш жіберу қажет болуы мүмкін. Тұтынушыларға қолдау көрсету қызметі туралы толық ақпарат алу үшін Анықтамалық орталыққа өтіңіз.
6. Отбасымен бөлісу
Google One жазылымыңыз кейбір бонустарды отбасылық топпен ("Отбасымен бөлісу") бөлісуге мүмкіндік беруі мүмкін. Егер бұл бонустарды отбасылық топпен бөліскіңіз келмесе, онда "Отбасымен бөлісу" функциясын өшіруіңіз немесе отбасылық топтан шығуыңыз керек. Google One жоспарының менеджерлері ғана Google One жазылымына отбасы мүшелерін қосумен қатар, "Отбасымен бөлісу" функциясын қоса немесе өшіре алады. "Отбасымен бөлісу" функциясы туралы толық ақпарат алу үшін Анықтамалық орталыққа өтіңіз.
Егер сіз Google One қызметіндегі отбасылық топтың мүшесі болсаңыз, отбасылық топтың басқа мүшелері сіз туралы кейбір ақпаратты көре алатын болады. Мысалы, Google One қызметінде "Отбасымен бөлісу" функциясы қосылған топ мүшесі болсаңыз, отбасылық топтың басқа мүшелері (және шақырылған мүшелер) сіздің атыңызды, фотосуретіңізді, электрондық поштаңызды, сақтық көшірме жасаған құрылғыларыңызды, жұмсаған AI бонустарыңызды және пайдаланып жатқан жад көлемін көруі мүмкін. Сонымен қатар отбасылық топтың мүшелері Google One жазылымымен бірге берілген кейбір қосымша бонустарды отбасы мүшелерінің бірі қолданып қойғанын көруі мүмкін.
Егер сіз отбасылық топта Google One жоспарының менеджері болсаңыз және "Отбасымен бөлісу" функциясын өшірсеңіз немесе отбасылық топтан шықсаңыз, онда отбасылық топтың басқа мүшелері Google One жазылымын пайдалану мүмкіндігін жоғалтады. Егер сіз Google One жазылымына Google One жоспары менеджерінің шақыруымен қосылсаңыз, онда топтан шыққанда немесе Google One жоспарының менеджері "Отбасымен бөлісу" функциясын өшіргенде немесе менеджердің өзі топтан шыққанда, Google One жазылымын пайдалана алмайтын боласыз.
7. Мобильдік құрылғының сақтық көшірмесін жасау және қалпына келтіру
Google One қызметі талаптарға сай мобильдік құрылғылар үшін деректердің cақтық көшірмесін жасау және қалпына келтіру функцияларын ("Сақтық көшірме жасау және қалпына келтіру") қамтуы мүмкін. "Сақтық көшірме жасау және қалпына келтіру" функциясын пайдалану үшін Google Photos сияқты қосымша қолданбаларды орнату және іске қосу қажет болуы мүмкін. Google One қолданбасында "Сақтық көшірме жасау және қалпына келтіру" функциясының параметрлерін кез келген уақытта өзгерте аласыз. Егер Google One жазылымыңыз тоқтатылса немесе уақытша тоқтатылса, Android-тың қолданыстағы сақтық көшірме жасау саясаттарына сәйкес, белгілі бір уақыт өткеннен кейін "Сақтық көшірме жасау және қалпына келтіру" функциясы арқылы сақталған деректерді пайдалану мүмкіндігін жоғалтуыңыз мүмкін.